Ұр, тоқпақ! (сказки на казахском языке)
Бұрынғы өткен заманда бір шал мен кемпір болыпты. Шал мен кемпір кедей болып, тұзақ құрып күнін көреді екен. Бір күні шал тұзағын келіп қараса, бір қаз түсіп қалыпты. Шал қазды тұзақтан босатып алып, бауыздайын десе, қаз шалға айтыпты:-Мені сен босат! Менен не сұрасаң соны бір жылдан кейін ал, — дейді. Шал мақұл көріп, қазды босатып қоя береді. Үйіне келіп, жаңағыны айтса, кемпірі шалға ұрсады.
Шал:-Қой, сен түк білмейсің! — деп, сөзін тыңдамай, жүре береді. Бір жыл өтеді. Шал қазға бармақшы болады. Жүре-жүре бір жерге келсе, өңкей түйе жайылып жүр екен. Келіп түйешіден:-Бұл кімнің түйесі? — десе:
-Бұл Қазбайдың түйесі, — дейді. «Бұл Қазбай — баяғы қаз екен», — деп шал ойланып тұрып, жүріп кетеді. Бір жерге келіп:-Бұл кімнің қойы? — деп, қойшыдан сұрайды. Қойшы:-Бұл Қазбайдың қойы, — дейді.
Шал жаңағы қойшы баладан:-Шырағым, Қазбайдың бұдан басқа несі бар? — дейді. Бала шалға:-Қазбайдың үш жақсы нәрсесі бар. Біреуі: «Піс, қазаным, піс!» — десе, әр түрлі тамақ пісіп шығады, енді біреуі: «Құс, есегім құс!» десе, есегі алтын құсады, тағы біреуі: «Ұр, тоқпағым, ұр!» десе, адамдарды ұра береді, — дейді.-Мақұл, — деп шал жүріп кетеді. Шал Қазбайдың аулына келеді. Қазбай шалды күтіп алады.
Балалар қазанды айырбастап, алып қояды. Шал шығып қазанды үйіне алып барып: «Піс, қазаным, піс!» — десе, еш нәрсе піспейді. Шал қазанды алып, Қазбайдың үйіне қайта келеді. Қазбайға: — Бұдан еш нәрсе шықпады, — дейді. Қазбай қазанды алып: «Піс, қазаным, піс!» десе еш нәрсе шықпайды. Қазбай қазанды алып, шалға есекті беріп жібереді. Шал есекті алып үйіне қайтады. Жолда келе жатса, балалар шалға:-Ата, асқа түсіңіз! — дейді.
Қазбай есекті алып: «Құс, есегім, алтын құс» десе, еш нәрсе құспайды. Шалға Қазбай «Ұр тоқпағын» береді. Шал «Ұр тоқпақты» алып келе жатса, баяғы жерде тағы да балалар жүр екен. Балалар шалға:-Ата, асқа түсіңіз! — дейді. Шал үйге кіріп бара жатып:-Шырақтарым! «Ұр, тоқпағым, ұр!» демеңдер, — дейді. Шал үйге кіріп кеткен соң, дәндеген балалар: «Ұр, тоқпағым, ұр!» — дейді. Тоқпақ балалардың әрқайсысын, ал кеп ұр! Ұрып жүр, ұрып жүр… Балалар тоқпаққа жалынады: «Ойбай, «Піс қазаныңды», «Құс есегіңді, берейік!» — дейді. Шал шығып келе жатып, естіп қояды. Шал келіп:
-«Піс қазанды», «Құс есекті» бересіңдер ме? — дейді. Балалар:-Мақұл! Әкеліп береміз! — дейді. Шал «Ұр тоқпақты» қойғызады. Балалар «Піс қазанды», «Құс есекті» әкеліп береді. Шал «Піс қазанды», «Құс есекті», «Ұр тоқпақты» алып, үйіне келеді. Сөйтіп, мұратына жетеді.
Аудиосказки
Бір күні қорада тұрған жануарлар қандай тағам дәмді дегенге таласып қалыпты. Әрқайсысы өздері жақсы көретін тағамдарын дәріптепті.
Байлаудағы ала сиыр өкірештей жөнеліпті:
—Шіркін, пішен мен таза жемге не жетсін! Солардан дәмді бұл дүниеде бірде-бір тамақ болуы мүмкін емес!
Бұған келіспейтінін танытқан қой мекірене маңырайды:
— Иә, жем мен пішен жақсы-ақ. Бірақ желпілдеген көк майса болса, одан да жақсы ғой!
Бұларға жылқы өз дауын айтады:
— Арпа мен сұлы дәмді емес пе? Күтір-күтір шайнасаң, оның балдай дәмі таңдайыңнан кетпейді.
– Жоқ, сендер таба алмадыңдар. Сүт пен еттен дәмді ештеңе жоқ. Босқа таласпаңдар, – дейді мысық.
Мұны естігенде иттің ызасы қозып, орнынан атып тұрады.
— Сен босқа көкіме, – дейді мысыққа жекіріп. – Ненің дәмді екенін мен айтайын: сүйек дегенді естіп пе едіңдер? Кемігі көп сүйектен дәмді ештеңе жоқ.
Сонда әңгімеге түйе қосылды:
– Сендер босқа дауласып тұрсыңдар. Даланы менен көп шарлайтын ешқайсың жоқсың. Шөл далада бір түп темір тікен ұшыраса кетсе бар ғой, соны күтірлете шайнасаң, содан дәмді ештеңе жоқ!
Бірақ олар бір-бірінің айтқанына иланбай, әлі күнге дейін қалаған шөбін дәріптеп келе жатқан көрінеді.
Ақылды етікші
Бұрынғы өткен заманда бір патша болған екен. Оның әрбір тәртібін халқы еш тоқтаусыз уақытымен орындап тұрады екен. Бір күні бұл патша: «Менің әрқашан халық пайдасына еткен әмірім орнына нақпа-нақ келіп тұрады және халқым да мені жақсы көреді. Сондықтан да мен олардың пайдасын ойлаймын. Енді мен осы халқыма зиянды бір әмір таратайын. Халқым тыңдап, орнына келтірер ме екен? Жоқ, келтірмес пе екен?» – деп ойлап, уәзірлеріне:
– Халыққа тегіс хабарландырыңдар. Ешкім басына пайда қылмасын! – деп, әмір қылады.
– Бұдан соң уәзірлер бұл әмірді халыққа естіртіп болып, патшаға:
– Халқыңыз әміріңізді нақпа-нақ айтқаныңыздай орнына келтіретін болды, – дейді.
– Патша уәзірлеріне еш жауап айтпайды. Түн болған соң үстіне бөтен, ескі киім киіп, әмірінің қалай орындалғанын көру үшін көшеде жүрсе, шеттегі бір үйде шам жанып тұр екен. Патша қайыр сұраған кісі болып, шам жанып тұрған үйге келсе, үйдің ішінде бір етікші етік тігіп отыр екен. Етікші қайыршыны көріп тұра келіп, бір кішкене нан береді. Сонда қайыршы:
– Сен патшаның әмірін тұтпаған не қылған адамсың? «Ешкім басына пайда қылмасын және шам да жақпасын дегені қайда?» – дейді.
– Сенің онда не жұмысың бар? Сондай әмір қылып отырған патша да ақымақ, себебі, мен жарлы адаммын, күнде төрт теңге пайда қыламын да, төрт теңге зиян қыламын. Міне, мен сонымен күн көріп отырмын. Патша ақылды болса, осыны білер еді, – дейді.
Патша бұған жауап қайтармастан үйіне келеді де, ақылды төрт уәзірін шақырып алып:
– Сіздерді басқалардан ақылы көп деп, өзіме уәзір қылып едім. Енді мен сіздерден сұрайтын сауалым бар: күніне төрт сом пайда да, төрт сом зиян да қыламын. Сол пайдам мен зияным не? Үш күн ішінде соны табыңдар. Таба алмасаңдар, бастарыңды аламын! Өздерің таппасаңдар да табатын кісі тапсаңдар, жазадан құтыласыңдар! – депті.
Уәзірлер үш күннің ішінде өздері де және табатын кісі де таба алмаған соң, енді патшаға көрінбей, қашпақшы болып жүргенде, баяғы етікші уәзірлерге келіп:
– Мен патшаның сұраған сауалын тапсам, сіздер маған не берер едіңіздер? – дейді.
Уәзірлер төрт мың ділдә бермекші болады. Етікші уәзірлерден төрт мың ділдәні санап алып, олармен патшаға барады да:
– Тақсыр, мен етік тігіп, әр күні төрт сом пайда қылам, төрт сом зиян да қылам. Ол былай: бір сомды қарызға беремін, бір сомды ескі қарызыма берем, бір сомды құдыққа тастаймын, бір сомды әйелім мен екеуімізге жұмсаймыз, – депті.
– Әйелің мен екеуіңе жұмсалған ақшаға бәріміз де түсінеміз, қалған үш сомның жұмсалған орнын анықтап түсіндірші, – дейді.
Бұл сөзге етікші былай деп жауап қайтарыпты.
– «Бір сомды қарызға беремін», – дегенім: Тақсыр, қартайғанда өзімді асырар, – деп балама беремін. «Бір сомды ескі қарызыма беремін», – дегенім: өзімді жасымда асыраған кәрі әкем мен шешеме беремін. «Енді бір сомды құдыққа тастаймын», – дегенім: күйеуіне тұрмай қайтып келіп отырған қызым бар, соған беремін дегенім, – депті.
Сонда патша: «Бұл етікші ақылды адам екен», – деп, өзіне уәзір қылған екен.
Сүлеймен патша мен байғыз
Жер бетіндегі адам баласы мен аң-құсты түгел билеген Сүлеймен деген патша әйелін өте жақсы көреді екен. Не қаласа, бәрін орындай беріпті.
Бір күні еріккен әйел Сүлеймен патшаға былай депті:
— Маған тек қана құстың сүйегінен сарай салдырып бер!
Патша шабарманы қаршығаны шақырып алады да, Құс атаулыны түгел жинап келуге бұйырыпты. Патша әйелінің сөзін дуал үстінде отырған байғыз естіп қойыпты. Қаршыға ой мен қырды шарлап, құстарды тегіс жинапты.
Сүлеймен патша сыртқа шығып, алдына келген құстарды түстеп, түгендей бастайды да, жұдырықтай байғыздың жоқ екенін біліпті. Патша қаһарланып:
— Байғыз қайда?— деп сұрапты. Қаршыға оның келмей қалған себебін ай тыпты:
— Біраз шаруам бар еді,— деді.
— Тірі болса — өзін, өліп қалса — өлігін алып кел! — деп Сүлеймен патша қаршығаны қайта жұмсапты.
Қаршыға зулап отырып, байғызға жетіпті. Келе сала патшаның әмірін жеткізіпті. Сонда байғыз:
— Жұмысым әлі біткен жоқ. Жұдырықтай мені патша қайтеді? Неге шақыртады, несіне керекпін?— депті қаршығаға.
Патшаның бұйрығын орындамай қайтпайтын қаршыға күш көрсетіп:
— Егер өз ықтиярыңмен жүрмесең, зорлап алып кетемін, —
депті. Басқа амалы құрыған байғыз еріксіз көніп, қаршығаның соңынан ілесіпті. Алдына келген соң Сүлеймен патша ашуланып:
— Бір шақырғаннан неге келмедің? — деп сұрапты.
— Үйде жатып ой ойладым, тақсыр, — деп жауап беріпті
Оның не ойлағанын білгісі келген патша тәптіштей түсіпті:
— Иә, не ойладың сонда?
— О, патшам, дүниеде өлі көп пе, тірі көп пе? Соны есептедім,— депті байғыз.
Сүлеймен патша таңданып қалыпты:
— Иә, қайсысы көп екен?
—Қанша есептесем де өлінің біреуі артық бола береді,— депті байғыз.
Дүниенің есеп-қисабы қолында тұрған Сүлеймен патша бұған келіспей дау айтыпты:
— Олай емес, тірінің біреуі артық. Сен қалай есептедің?
— Тақсыр,— депті байғыз бас иіп, — мен түске дейін ұйықтап жататындарды да, ояу болса да қалғып жүретіндерді де өліге қостым. Өйткені олар ештеңені де бітірмейді, ештеңені де ойламайды ғой.
Сонда Сүлеймен патша:
— Бұл қулықпен құтылмайсың. Мұны сенсіз де білеміз. Егер өзіңді ақтайтын дәлелің болмаса, қаршығаға мойныңды үздіремін!— деп қаһарланады.
Зәресі ұшқан байғыз:
— Дат, патшам!— депті сауға сұрап. Патша ырық береді:
— Бұдан басқа да есеп-қисабым бар еді.
— Ол қандай есеп тағы?
— Дүниеде еркек көп пе, ұрғашы көп пе деп, соларды да есептедім. Сонда ұрғашының біреуі артық шықты.
— Бұл да мәлім жай. Әйелден еркектің біреуі артық екені маған да белгілі. Сен әйелдің біреуі артық дегенде қалай есептедің?— деп сұрапты патша.
— Тақсыр, мен еріккен әйелдің тіліне еріп, ермегіне елігіп, өзі ойланып іс істемеген еркекті де әйел қатарына қостым,— депті байғыз.
Сонда Сүлеймен патша ойланып отырып қалады да, былай деп бұйырады:
— Байғыз рас айтады. Ойыңды ұқтым. Мен еріккен әйелдің ермегіне айналған екенмін. Соған бола кінәсіз құстарды қырып, оның сүйегінен сарай салдырмақ болып ем. Оным орны толмас ағаттық екен. Құстың сүйегі сарай салуға шыдай ма, оны да ойға салмаппын. Не істесең де ойға салғаның дұрыс екенін ұмытыппын.
— Ойлан, тақсыр, ойлан!— депті байғыз. Сонда Сүлеймен патша қаршығаға мойын бұрып, былай бұйырыпты:
—Құстардың бәрін босатып қоя бер. Оларға ұқтыр, байғызға алғыс айтсын. Ол өз басын ажалға тігіп тұрып, құстарды қорғап қалды. Барлық құстарды қырғыннан құтқарды.
Сөйтіп, құстар ажалдан аман қалыпты. Содан бері құс атаулы байғызды қастерлеп жүреді екен. Осы оқиғаны құстар ұмытпасын деп, байғыз түн ішінде ызыңдап, ұйқы көрмейді екен.
Бақаның көшуі
Екі қаз және бір бақа бір көл жағасын мекендеп, ұзақ уақыт көрші отырыпты. Олар бір семья адамдарындай өте тату-тәтті өткен екен. Кейінгі кездерде, қатты қуаңшылық болып көл тартылып, суы кеуіп қалыпты. Қаздар суы бар жерге ұшып кетейік десе, бақаны тастап кетуге қимайды екен.
– Енді қайтеміз? – деп қаздар мен бақа бас қосып, кеңес құрыпты.
– Бір таяқ табайық, екеуің оның екі ұшынан тістеңдер, мен ортасынан тістейін, сөйтіп суы бар жерге кетейік, – депті ары-бері айналған бақа.
Қаздар бұған мақұл болады әрі дереу іске кіріседі. Сөйтіп, бұлар аспан кеңістігіне шарықтай көтеріледі.
Алғаш бірнеше киіз үйдің төбесінен өткенде, бұларды кейбіреулердің көзі шалады.
– Қаздар бақаны алып ұшып барады, әдісқойларын-ай, – деп дабырласады. «Менің тапқырлығым екенін білмеді-ау», – деп ойлайды бақа.
Ұша-ұша бұлар тағы да көп киіз үйдің төбесінен өтеді, қалың адамдар сыртқа шығып бұларды тамашалайды. Олар да:
– Қаздар бақаны алып ұшып барады, әдісін тапқан – ақ екен, – деп дуылдасады. Бақа:
– «Бұл – менің тапқан әдісім», – деп айғайлап жібере жаздайды. Бұлар алға қарай ұшып отырады, сонан бағанағыдан да көп киіз үйлердің үстіне келеді, бағанағыдан да қалың адам бұларды тамашалайды.
– Қаздар бақаны алып ұшып барады, неткен әдісқой, – деп шулайды олар. Бақа шыдай алмай кетіп:
– Бұл менің ойлап тапқан әдісім! – деп айғайлап жібереді. Осы тұста таяқ аузынан шығып кетіп, бақа жерге «былш» ете түсіп мылжа-мылжасы шығады.
Қарлығаш пен шөже торғай
Бір мәуелі бақта биік кәрі қарағай өсіп тұрыпты. Көктемде оның басына қарлығаш пен шөже торғай ұя салып, балапан шығарыпты.
Шөже торғай балапанына қурай басын сындыртпай, ерке тотай қылып өсіріпті. Балапан тентек, ойынды ғана біледі екен. Қарны ашса, шешесіне келіп, аузын ашады, анасы тапқан-таянғанын балапанына береді.
Ал қарлығаштың балапаны елгезек, еңбекқор болып өсіпті.
Уақыт зымырап өте береді. Күз түседі. Екі балапан да ержетеді. Енді олар өз беттерімен күн көріске кіріседі. Қанаты қатайған соң, қарлығаштың балапаны жол қиыншылығынан қорықпай, жылы жаққа ұшып кетеді.
Шөже торғайдың балапаны жерден теріп жейтін дәнге сеніп, бақта қалады. Қыс түседі. Жерді қар басады. Не азығы, не бас сұғар панасы жоқ шөже торғай әбден ашығады. Ақыры үскірік аяз соғып, ештеңеге ебі жоқ, тоғышар балапанды бүрістіріп тастайды.
Қайтадан көктем келеді. Қайта оралған қарлығаштың балапаны шырылдап, құрдасын іздей бастайды.
— Жылама,— дейді оған кәрі қарағай.— Шөже торғайдың балапаны еңбек етпеді. Сөйтіп, аштан өлді. Еңбексіз тіршілік жоқ. Соны біліп қой.
Ертегі: Екі лақ (сказки на казахском языке)
Ақ лақ пен Қара лақ әрі жүгіреді, бері жүгіреді. Жан-жағына алақ-жұлақ қарайды. Мына жағы — қалың шілік, ана жағы — қалың бау. Маңайда ешбір қой-ешкі көрінбейді.
— Сен Ақ лақсың, түк білмейтін ақымақсың. Мені әрлі-берлі сүйреп жүріп, ақыры адастырдың. Жаның барында қойды тауып бер! — деп, Қара лақ Ақ лақты бүйірден бір түйіп кеп қалады. Қара лақ бір күн бұрын туған еді. Ол Ақ лақтың ағасы саналатын. Денесі шымыр, жұп-жұмыр, маңдайында екі мүйізі бар. Өзі барып тұрған сотқар, желбас еді. Ақ лақты «бауырым екен» деп аямайтын. Қит етсе «Ақ лақсың — ақымақсың» деп мазақтайтын. Ашуланса болды, мүйізімен бүйірден түйіп қалатын. Өзі және жалақор болатын. Бағана: «Бә-ә, бә-ә! Мына жердің шөбін қара-а!» — деп, қалың шіліктің ішіне бастап келген де өзі болатын. Енді адасқан соң, Ақ лақты жазғырып тұр:
— Ақ лақ — ақымақ! Жаның барда түс дейім алға! — деп, зекіреді Қара лақ тағы да. Ақ лақ әрі ойланады, бері ойланады. Жүрген-тұрған жерлерін еске алады.
— Ұзап кеткен қойды қалай табамыз. Кім біледі, ендігі тау асып, жайлауға жетіп те қалған шығар. Ал жайлауға барар жолды табу да оңай емес. Сонда да жол кесіп көрейін. Бірақ саған айтатын сөзім бар, ешкіммен егеспейсің, айтқанымды істейсің. Осыны орындамасаң, адасып өлеміз, — дейді Ақ лақ. «Өлеміз» деген сөзді естігенде Қара лақ үрейі ұшып қорқып кетеді. Қанша тентек болғанмен, Ақ лақтың тілін алуға уәде береді. Ақ лақ жол бастап, алға түседі. Қалың шөпті олай-бұлай жапырып жүріп отырады. Алдынан жыра кездессе — секіріп өтеді, тас кездессе — қарғып өтеді. Сөйтіп, екеуі бір кезде таудың етегіне ілінеді.
Маңайда бір қара көрінбейді. Айнала жым-жырт. Ойда жоқта алдарынан бір Түлкі шыға келеді.
— Түу, өзің бір аппақ қардай, әдемі лақ екенсің. Ағаң да әдемі. Шаршап қалған шығарсыңдар. Біздің үйге соғып, дәм татып кетіңдер. Менің де өздеріңдей екі балам бар, бірге ойнайсыңдар, — дейді Түлкі. Ал өзі ішінен: «Ақ лақ кішкентай екен. Қапысын тауып, осыны жәукемдейін. Бірақ мұны көрген ағасы қорқып, қашып кетеді-ау!» — деп ойлайды. Не айтатынын күні бұрын ойлап қойған Ақ лақ былай деп, тіл қатады:
— Түке, әнеки, ана төбенің басында, қара тастың қасында, бізді касқыр күтіп отыр. Ол Қара лақ екеумізді қонаққа шақырып еді. Сізге еріп кеткенімізді көрсе, ашуланады ғой. Қасекеңнің кәрі қатты. Мүмкін өзіңіз де бізбен бірге жүрерсіз.
Жарайды, ендеше. Жүре беріңдер, мен арттарыңнан барармын, — дейді де, Түлкі бір қулық ойлайды. Бір кезде алдарынан тайыншадай көкжал Қаскыр кез бола кетеді. Ол аузын арандай ашып, бірден екі лаққа тап береді. Қасқырды көрген Түлкі сайға қарай зытады.
— Қарным ашып келе жатыр еді, мұндай жақсы болар ма! Мен қазір сендерді жеймін! — дейді Қасқыр.
— Қасеке, әнеки, ана төбенің басында, қара тастың қасында, бізді Арыстан күтіп отыр. Ол таудағы жортқан аң, ұшқан құс атаулыға патша болу үшін кеше осында келіпті. Ертеңгі асына екі бұзау, түскі асына екі лақ, кешкі асына екі қозы жейді екен. Сіздің мына қылығыңызды көрсе, ол бұлқан-талқан боп ашуланып жүрер. Тіпті, өзіңізді жазым етер, — дейді Ақ лақ.
— Бә-ә! Әй, Қасқыр! Мына Арыстанды қара-а! Шақырып тұр, — деп, бақырып қоя береді Қара лақ тыныш тұрмай. Қасқыр қатты сасқалақтайды, әрі-бері алақтап тұрады да:
— Бәлесінен аулақ. Бар, жандарыңның барында кетіңдер, түге! — деп жөнімен жүре береді.
— Жүгірген бойымен екі лақ бір таудың басына шығады. Тауға шығып, айналаға қараса, тауды бөктерлей бір қора қой қаптап жайылып келеді, қойдың артында астында аты бар, қасында иті бар қойшы келеді. Қойды көргенде есі шығып қуанғаннан екі лақ «Бә… Бә» деп маңырап қоя береді.
Шопан ата жол бастап, бұрын келген Ақ лақты жерден көтеріп алады.
— Мен сендерді ойдан-қырдан іздеп, таба алмай қойып едім. Өздерінің тауып келгенін қарашы. Жарайсың, Ақ лағым, жарайсың! Сені «Ақ лақ — ақымақ» деп мазақтайтындардың өздері ақымақ! — деп, Ақ лақты құшақтап бауырына қысады.
Сборник Казахские народные сказки
Если не работает, попробуйте выключить AdBlock
Вы должны быть зарегистрированы для использования закладок
Информация о книге
Описание
Произведение Казахские народные сказки полностью
Другие произведения автора
Поучение – церковный жанр устной речи. Оно произносилось на обычном, живом языке сразу после литургии. Князь, благословленный церковью, имел право, как писать, так и произносить Поучение.
На рубеже 11 – 12 веков, киевский князь Владимир Мономах был самой видной политической фигурой Руси. Только одних походов, в основном на половцев, ему довелось совершить 83, не считая мелких стычек и столкновений с соседними княжествами. Главное заботой Владимира Мономаха было объединение разрозненных славянских племен в одно государство.
Основное содержание заключается в сказаниях о победе Беовульфа над страшными чудовищами Гренделем (др.-англ. Grendel) и его матерью, и над опустошавшим страну драконом, к чему прибавлено несколько побочных эпизодов.
Действие происходит в Скандинавии (Дания и юг нынешней Швеции). В блистательном чертоге славного конунга Хродгара под названием Хеорот пировали дружинные воины из племени данов (датчан). Однако вот уже 12 зим на Хеорот нападает страшное чудовище по имени Грендель, истребляя лучших и знатнейших воинов. Знатный гётский военачальник Беовульф, известный своей силой и воинскими умениями, отправляется морем с дружиной на помощь Хродгару, помня о гостеприимстве, оказанном его отцу конунгом, когда он вынужден был уйти из своих земель как изгнанник. В одиночку он побеждает Гренделя в ночном единоборстве, оторвав ему руку, и тот умирает в своем логове. Чтобы отомстить за него, из морской пучины поднимается ещё более жуткий враг — мать Гренделя. Чтобы одолеть её, Беовульфу приходится спуститься в её морское логово.
Во второй части поэмы Беовульф — к тому времени уже конунг гётов — вступает в поединок с драконом, который мстит людям за посягательство на охраняемый им клад. Дракон убит, но и Беовульф получает смертельную рану. Автор не рассматривает это как трагедию, скорее как достойный венец героической жизни. Дружина во главе с доблестным Виглавом торжественно сжигает Беовульфа и клад дракона на погребальном костре.
Как и в других произведениях древнегерманского эпоса, наряду с действиями героев большое внимание уделяется их речам, в которых раскрываются характеры, ум и ценности героев, служащие идеалами своей эпохи и авторов, а также использующиеся для изложения дополнительных сюжетных линий, предыстории и других сведений.
Похожее
Современный последователь «Приключений барона Мюнхаузена», роман 13 ½ жизней капитана по имени Синий Медведь» чрезвычайно популярен не только на своей родине в Германии, где он стал культовым, но и во всем мире.
Капитан Синий Медведь рассказывает о приключениях первой половины своей жизни, проведенных в путешествиях по загадочному сказочному континенту Замония, где интеллект считается инфекционным заболеванием, вода течет вверх, и опасности подстерегают буквально на каждом шагу.